Өнері өлмес өнеге: Болат Хамзинді еске алуға арналған тағылымды тәрбие сағаты
Ұлттық руханиятты жаңғырту, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтау – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы мазмұнды шаралардың бірі Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылып, жерлес сазгер Болат Хамзиннің өмірі мен шығармашылығына арналды.
Тағылымды кеш Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің ұстаздары Кемелтаева Жаңажыл мен Нұрлан Алмастың ұйымдастыруымен өтті. Шараның басты мақсаты – ұлттық музыка өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған сазгердің шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, оның өнер жолын өнеге ету және оқушылардың рухани дүниесін байыту болды.
Кеш барысында сазгердің өмір жолы, шығармашылық ізденістері, туған жер мәдениетінің дамуына қосқан үлесі кеңінен баяндалды. Болат Хамзиннің туындыларынан елге деген перзенттік сүйіспеншілік, ұлттық болмыс пен рухани тереңдік айқын сезілетіні атап өтілді. Оның әндері мен музыкалық шығармалары бүгінгі күнге дейін маңызын жоймай, тыңдарман жүрегінен орын алып келеді.
Іс-шара танымдық әрі тәрбиелік мазмұнмен ерекшеленді. Тәрбие сағаты барысында оқушыларға сазгердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде сұрақтар қойылып, білімдері сыналды. Сонымен қатар «Әуенді тап» атты қызықты ойын ұйымдастырылып, сазгер әндерінен үзінділер тыңдатылды. Оқушылар белсенділік танытып, шығармалардың атауын дәл тауып отырды. Дұрыс жауап берген оқушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл бөлім жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттыра түсті.
Кеш аясында мазмұнды көрме де ұйымдастырылды. Мектеп кітапханашысы Сейдахметова Рашида сазгердің жеке қолданған заттары, шығармаларының ноталары, сахнада киген фрагі және өзге де құнды жәдігерлерін көпшілік назарына ұсынды. Көрме келушілерге сазгердің өнер жолынан сыр шертетін тарихи мұралармен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар бейнелеу өнерінің ұстазы Досмаганбетова Гүлмирам жетекшілік еткен оқушылар салған Болат Хамзиннің портреттері көрмеден лайықты орын алды. Жас суретшілердің еңбектері кеш мазмұнын толықтырып, өнерге деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

