08 Сәу 2026
Жаңалықтар

Күй керуені

Бүгін Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Күй керуені» атты мәдени-танымдық кеш жоғары деңгейде өтті. Аталған шара Н. Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің мәжіліс залында ұйымдастырылды.

Өнер кешінің негізгі мақсаты – ұлттық күй өнерін насихаттау, жас ұрпаққа күй құдіретін таныту, сондай-ақ халқымыздың рухани мұрасын дәріптеу болды. Шара барысында Қорқыт бабаның сарынынан бастап, күй атасы Құрманғазы, Қазанғап, Дина Нұрпейісова және жергілікті композиторлардың таңдаулы күйлері орындалды. Сонымен қатар әр күйдің шығу тарихы мен мазмұны кеңінен баяндалып, көрермендерге тағылымды ақпарат ұсынылды.

Кеш аясында Б. Хамзин атындағы өнер мектебінің «Дала сазы» ансамблі мен оқушылардан құралған «Жас талап» ансамблі өз өнерлерін ортаға салды. Жас өнерпаздар ұлттық аспапта орындау шеберлігін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында аудан әкімі Бидашев Дінмұханбет Серікұлы сөз сөйлеп өнер ұжымына алғысын білдіріп, жас музыканттарға шығармашылық табыс пен биік жетістіктер тіледі. Күй кеші ұлттық өнерді ұлықтаған мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор мәдени іс-шара ретінде жоғары бағаланды.

Жаңалыктар
Пайдалы ақпараттық ресурстар