Өнерлі ұрпақ — ел болашағы
Қанат қаққан жас таланттардың есеп беру концерті.
Өнер — ұлттың жаны, руханиятымыздың темірқазығы. Кеше ауданымызда өнер сүйер қауымның басын қосқан үлкен рухани шара — Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің «Өнерлі ұрпақ — ел болашағы» атты дәстүрлі жылдық есеп беру концерті жоғары деңгейде өтті. Тағылымды тәрбие мен сапалы білімді серік еткен жас ұрпақтың өнер додаларында топ жарып, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болуы — мектеп шәкірттерінің таланты мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жарқын нәтижесі екені даусыз.
Салтанатты шараның шымылдығын ашқан жүргізушілер жиналған қауымды өнер мерекесімен құттықтап, жылы лебіз білдірді. Кештің алғашқы құттықтау сөзі арнайы шақырылған қадірлі қонақ, аудан әкімі Бидашев Дінмұхаммед Серікұлына берілді. Әкім өз сөзінде дарынды балаларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды атап өтіп, жас өнерпаздардың қадамына сәттілік тіледі. Осыдан кейін сахна төрінде бейбітшілік пен таза арманның символы ретінде «Көгершін ұшыру» сәті ерекше әсерлі орындалып, концерттік бағдарлама ресми түрде басталды.
Күй мен ән тербеген сахна
Концерттік бағдарлама өте бай әрі мазмұнды болды. Шымылдықты халық күйі «Наридіргенмен» ашқан, мектеп ұстаздары мен оқушылардан құралған «Жас талап» ансамблі көрерменді бірден баурап алды. Ізін ала Д. Нұрпейісованың «Сегізінші наурыз» күйін облыстық «Қанатты домбыра» байқауының жүлдегері Серік Мағжан нақышына келтіре орындаса, Н. Тілендиевтің «Әлқисса» күйі сахнаның сәнін келтірді. Сонымен қатар, домбырашылар ансамблі орындаған «Ер Тұран» күйі мен 1-2 сынып оқушыларының халық күйі «Келіншекті» орындауы ұлттық өнердің сабақтастығын көрсетті.
Кеште тек күй ғана емес, әуезді ән мен сиқырлы қобыз үні де кезектесті. «Қызғалдақтар» қобызшылар ансамблі мен жеке дауыстағы Нұрлан Жания Юрий Энтиннің «Мама - первое слово» әнін жүрекке жылы тиетіндей етіп жеткізді. Н. Тілендиевтің «Құстар» әнін «Назқоңыр» қобызшылар ансамблі жоғары деңгейде орындап шықты. Сонымен қатар, ақын-жазушылар Серік Тұрғынбеков пен Кеңшілік Мырзабековтың 80 жылдық мерейтойларына орай, олардың жүрекке жақын шығармаларын жас дарындар Айтан Ерболат, Құлтаева Айым және Ниязбек Танжарық асқан шеберлікпен орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.
Би өнері — тілсіз симфония
Хореография бөлімінің дайындығы да жоғары екені байқалды. 4-5 сынып оқушыларының орындауындағы «Көктем лебі» биі, 3-4 сыныптардың «Парижге саяхат» биі, сондай-ақ ұлттық нақыштағы «Қазақ биі», «Үйғыр» биі және украин халқының «Маруся» биі сахнаны түрлі түсті бояуға толтырды. Бишілердің әр қимылынан ішкі талғам мен үлкен еңбек көрініп тұрды. Бұған қоса, «Самғау» театрының орындауындағы «Табиғат сақшылары» қойылымы экологиялық тақырыпты қозғап, көрерменге үлкен ой салды.
Ұстаздар еңбегі — ел елеген құрмет
Кештің ең салтанатты да толқынысты сәті — Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қасым Абай Қасымұлының сөз сөйлеп, өнерлі ұрпақты тәрбиелеуге жан-тәнімен үлес қосып жүрген мектеп ұстаздарын арнайы марапаттауы болды. Абай Қасымұлы өз сөзінде: «Ұстаздық еңбек — болашақтың іргетасын қалау. Баланың бойындағы талант ұшқынын лаулаған жалынға айналдыратын да — осы мұғалімдердің шеберлігі», — деп атап өтіп, ерен еңбек атқарған педагогтарға құрмет көрсетті.
Нәтижелі жұмыстары мен шәкірттерінің биік белестерді бағындыруына сіңірген еңбектері үшін келесі ұстаздар салтанатты түрде марапатталды
Болат Хамзин атындағы өнер мектебі оқушыларының жылдық есеп беру концерті тек есеп беру ғана емес, аудан халқына рухани азық сыйлаған үлкен мәдени оқиға болды. Концерт соңында Азамат Сабетовтың «Өлмейміз» әні мен Іділбек Жолдасбаевтың «Қазақстан Егемен елім» атты патриоттық туындысы шырқалып, аспанға шарлар ұшырылды. Өнерлі ұрпағы бар елдің болашағы әрдайым жарқын болмақ!

